Адвокат Болатбек Ержанның Forbes.kz сайтының сұрақтарына жауап беріп, Арселлор Миттал Теміртау мәселесі бойынша заңгер ретінде пікірін айтты:
"Құпия инвестормен арадағы құпия мәміле
Астана қаласының адвокаттар коллегиясының адвокаты Ержан Болатбек, еліміздегі ең ірі көмір бассейнін Лакшми Миттал құрылымдарына беру туралы 1995 жылы жасалған инвестициялық шарт бүгінге дейін құпия сипаттағы құжаттардың бірі екенін еске салады.
«Бірақ әр кездері жарық көрген ақпараттарға сүйенсек және сол кездегі Қазақстан мен ел билігінің жағдайын ескерсек, бұл шарт біздің елге аса тиімді етіп жасалмаса керек. Біздің ел үшін ең тиімді жол осы инвестициялық шартты екі жақтың келісімі бойынша үзу. Себебі басқа жағдайда мәселе ұзақ жылдарға созылып, соңында Қазақстанға тиімсіз шешімге алып келуі мүмкін», - дейді заңгер.
Ал мәжіліс депутаты Ерлан Саировтың айтуынша, Қазақстан болашақта инвесторлармен жұмыс істегенде – АМТ-ға қатысты соңғы жылдардағы барлық апатты оқиғалар мен шешімін таппаған түйінді мәселелерді әрқашан ойда ұстап, ұлттық мүдделерді қорғауға қабілетті ел екендігін көрсетеуі керек.
«Бұл біздің мемлекетіміздің ел, халық алдындағы міндеті. Әрине, ірі экономикалық нысан жеке инвестордың қарамағында болғаны дұрыс. Бірақ келісімшарт жасаған кезде, ең бірінші, өндірісті модернизациялау, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту сынды мәселелер бойынша мемлекет инвестордың алдында нақты міндеттер қоюы тиіс», - дейді ол.
Адвокат Ержан Болатбек болса, осы жолы АМТ-ның әлеуетті инвесторымен арадағы барлық келісім мен қарым-қатынас ашық негізде жүргізілуі керек дегенді алға тартады.
«Конституциямыздың 6-бабына сәйкес жер жəне оның қойнауы, табиғат ресурстары халыққа тиесілі, ал 1-бапқа сәйкес Республикамыздың түбегейлі принципі ретінде бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму көзделген. Осы орайда мемлекет қаншалықты осы принциптерді көздейтін, елімізге тиімді болатын келісім жасағанын халық көріп, білуі керек», - дейді Астана қаласының адвокаттар коллегиясының адвокаты.
Ержан Болатбек, сондай-ақ АМТ ҚР үкіметімен қандай келісімге келсе де, ең алдымен, Қарағанды кеншілері алдындағы барлық міндеттемелерін, оның ішінде қарыздарын түгел өтеп, жауап беруі тиіс дегенді айтады.
«Әрине, АМТ-ның қазіргі иелерінің міндеттемелері, оларға қойылатын айыппұлдар мен өзге де талаптар (егер осындай амал, шаралар жүзеге асып жатса) 90-шы жылдары жасалған инвеститицялық шарт аясында қаралуы тиіс. Ал бұл шарт құпия болып табылатындықтан, дәл қазір қоғам тарапынан нақты бір талап қою қиын. Бізде қылмыстық жауапкершілікке тартудың ең ұзақ ескіру мерзімі 15 жыл. Яғни, қылмыс жасалғаннан кейін 15 жыл өтсе, ол үшін жауапкершілікке тартуға болмайды. Алайда, бірқатар қылмыс түрлері бойынша ескіру мерзімі жүрмейді. Дегенмен, бұл арада АМТ қожайындарын, басшылығын не олармен кезінде келісімшарт жасасқан тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке тарту мүмкіндігі өте күмәнді», - дейді ол.
«Өздеріңіз де жақсы білесіздер, Миттал күнделікті басқаруға қатыспаған. Негізгі жауапкершілік апат болған аумақтардағы атқарушы басшыларға, күнделікті басқарумен айналысқан лауазымды тұлғаларға жүктеледі», - деп қосады адвокат Ержан Болатбек әлеуметтік желілерде жиі талқыға түскен тақырыптың бірін меңзеп...."
Сайттағы ақпарат заңгерлік көмек болып табылмайды. Автор бұл ақпаратты қолданып жасалған әректтер үшін жауапты емес. Кәсіби заңгерлік көмек алу үшін тікелей хабарласыңыз.