Қазақстандағы шетелдік маркетплейстерге салық салу
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті (ҚМ МКК) хабарлайды, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап шетелдік компаниялардың тауарларды электрондық сауда арқылы сату, сондай-ақ жеке тұлғаларға электронды форматта қызмет көрсету тәртібін реттейтін Салық кодексінің жаңа бөлімі күшіне енеді. Осы ережелер бойынша шетелдік компанияларға қосылған құн салығын (ҚҚС) есептеу және төлеу міндеті жүктеледі.

Жаңа нормалар бойынша шетелдік компания келесі шарттардың бірі орындалған жағдайда Қазақстан Республикасында қосылған құн салығын есептеп, төлеуі қажет:
  • сатып алушы жеке тұлғаның тұрғылықты жері Қазақстан Республикасы болып табылады;
  • сатып алушы жеке тұлға пайдаланатын банк шотының орналасқан жері немесе электронды ақшамен есеп айырысу операторының орналасқан жері Қазақстан аумағында тіркелген;
  • қызметті сатып алу кезінде пайдаланылған сатып алушының желілік мекенжайы Қазақстанда тіркелген;
  • қызметтерді сатып алу немесе төлеу үшін пайдаланылған телефон нөмірінің халықаралық коды (соның ішінде мобильді) Қазақстан Республикасына тиесілі.

Осылайша, егер шетелдік компания интернет-платформа арқылы тауарларды сату немесе жеке тұлғаларға электрондық қызметтер көрсету шарттарын орындаса, онда ол Қазақстанда қосылған құн салығының төлеушісі болып танылады және салық органында шартты тіркеуден өтуі қажет.


Шартты тіркеу тәртібі: Шетелдік компания ҚМ МКК-ға поштамен растайтын хат жібереді, онда:
  • компанияның толық атауы;
  • салықтық тіркеу нөмірі (немесе баламасы);
  • шетелдік компанияның инкорпорация елінде немесе резиденттік елінде тіркеу нөмірі;
  • ҚҚС төлеуге арналған банктік деректемелер;
  • пошталық деректемелер (ресми электрондық мекенжай, инкорпорация елі немесе резиденттік елдегі мекенжай) көрсетіледі.

Осы процесті жеңілдету мақсатында шетелдік компаниялар ҚҚС бойынша салықтық есептілікті ұсынбайды және электронды шот-фактуралар жазып бермейді.

Қосылған құн салығы: Шетелдік компаниялардың тауарларды электрондық сауда арқылы сату және электрондық қызмет көрсету операциялары 12 пайыздық мөлшерлемемен ҚҚС-қа жатады. Төлемдер тоқсан сайын жүргізіледі: тиісті тауарлар сатылған немесе қызмет көрсетілген тоқсанның нәтижесі бойынша 25 мамырда, 25 тамызда, 25 қарашада және 25 ақпанда.

Дереккөз: ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті
19.12.2021


Сайттағы ақпарат заңгерлік көмек болып табылмайды. Автор бұл ақпаратты қолданып жасалған әректтер үшін жауапты емес. Кәсіби заңгерлік көмек алу үшін тікелей хабарласыңыз.